1000-нан астам қой қырылды
Түркістан облысында өрттен қойшы мерт болып, бір мыңнан астам қой қырылып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"2022 жылдың 31 қаңтарында сағат 7.15-те 101 пультіне Бәйдібек ауданының Алғабас ауылынан 5 шақырым жерде шаруа қожалығының аумағында екі қабатты ғимарат өртенгені туралы хабарлама түсті. Ғимараттың бірінші қабатында қара мал, ал екінші қабатында шөп тұрған. Шаруа қожалығы мен жақын жердегі өрт сөндіру бөлімі арасындағы қашықтық 40 шақырымды құрайды. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 40 минутта жеткен", - деді ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.
Өрт салдарынан 1 150 бас қой қырылып, 150 тонна шөп жанып кетті. Оқиға орнынан қойшының денесі табылды.
Өрт сағат 9.37-де оқшауланып, сағат 10.23-те сөндірілді. Көлемі анықталып жатыр.
Өртті сөндіруге Түркістан облысы ТЖ департаментінің 15 өрт сөндірушісі мен 4 техникасы жұмылдырылды.
ТЖМ азаматтарға өрт қауіпсіздік қағидаларын сақтауға кеңес береді.