Алдын ала мәліметтер бойынша, жарылыстың себебі газдың жиналуынан болған
Шымкентте дәрі сақтайтын ғимаратта жарылыс болып, күзетші қаза тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдын ала мәліметтер бойынша, жарылыстың себебі газдың жиналуынан болған.
«Өрт туралы хабарлама күндізгі сағат 11:36-да түскен. Өрт сөндірушілер жеткен кезде жарылыс салдарынан «Меж госпиталь 138 дәріхана» ЖШС-не қарасты 2 қабатты жеке тұрғын үйден өрт шыққаны анықталған», - делінген хабарламада.
Ғимараттың жалпы ауданы 360 шаршы метрді құраған. Қабырғалары кірпіштен, шатыры гофр картонмен қапталған. Жарылыс салдарынан 130 шаршы метр аумақта ғимарат ішінара опырылып, 5 қабатты тұрғын үйдің жанындағы пәтердің балконы мен терезелері, 7 автокөлік зақымданған. Жалынды ауыздықтауға ТЖД 37 қызметкері және 9 бірлік жұмылдырылған. Өрт сағат 12:06-да сөндірілді.
«Өрт сөндіру кезінде Төтенше жағдайлар департаментінің күштері өрт орнынан жанып кеткен ер адамның мәйітін тапты. Оның кім екені анықталып жатыр. Адын ала болжам бойынша күзетші болуы мүмкін. Қазір Жарылыстың себебі анықталып жатыр, төтенше жағдайдың салдарымен күрес жұмыстары жалғасуда», - делінген хабарламада.
Оқиға орнына сондай-ақ, Шымкент қаласы Полиция департаменті басшылығы мен жедел-тергеу тобы шыққан. Жарылыс болған ауруханааралық дәріхана ғимаратының толық жойылғанын анықтап, онда тұзды ерітінді өндірілетіні анықталды.
«Жарылыс нәтижесінде пайда болған өртті ТЖД қызметкерлері толығымен сөндірді. Алдын-ала мәліметтер бойынша, жарылыстың себебі газдың жиналуынан болған. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр», - делінген Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларда сол ғимараттардың маңында тұрған көліктерге зақым келгені түсірілген. Сондай-ақ, жарақат алған адамдарды алып кетіп бара жатқанын көруге болады.