Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында пәтерде өрт шығып, 1 адам көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Нагорная көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы пәтер өртенген. Тілсіз жау жеке заттар мен төсекті шарпыды.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жетті. Олар бірінші кезекте подъезден 3 адамды эвакуациялады. Содан кейін түтін тұмшалаған көрші пәтерден 14 жастағы қыз құтқарылған.
«Өрт шыққан пәтерден 1972 жылғы ер адамның мәйіті табылды. Көп ұзамай 2 шаршы метрге жайылған жалын ауыздықталды. Өрттің шығуына – мас күйде темекі шегу кезіндегі абайсыздық себеп болуы мүмкін», – делінген ақпаратта.