Интернетсіз қалған тараздық тұрғындар шу шығарды

06.04.2020 18:53

Жыларман жұрт интернет былай тұрсын, қарапайым ұялы байланыстың ұстамайтынын айтуда

Фото: ашық дереккөз

Тараздық тұрғындар шу шығарды. Айтуынша, бүтін бір алқап жұрты күні кеше өткен онлайн сынама сабаққа мүлдем қосыла алмаған. Жыларман жұрт интернет былай тұрсын, қарапайым ұялы байланыстың ұстамайтынын айтуда. Облыс орталығында тұрып желі неге жоқ? Оқушылар онлайн оқу жағдайын қайтпек?

Тараз қаласына қарасты Бурыл елдімекенінің тұрғындары кешелі бері не істерін білмей дал. Әншейінде ұялы байланысы нашар аумақта, енді онлайн оқудың жайы баршаға мұң болып тұр. Интернеттің жоқтығы – балаларын қашықтан оқытамыз деген қауымға «жығылғанға жұдырық» болды.  

Блиц:

– Қазір онлайн оқу шықты. Ешқандай байланыс жоқ бізде. Олар қалай оқиды? Мұғалімдер кешеден бері шағымданып жатыр.

– Районнан шығып, электронды поштама кіріп, жұмысымды көшеде жасап жүрмін. Ал негізі үйде отыруымыз керекпіз.

– Бүкіл аймақтың сіздерге айтар өтініші: «Мына түрмені құртсын болмаса мына заглушканы бүгіннен бастап  алып тастасын. Сабақ басталды.

Облыс орталығына қарасты елдімекен тұрғындары аталған мәселені көтергелі көп жылдың жүзі болды дейді. Бірақ бұқараның басты мәселесіне бас ауыртқан басшы болмаған. Айтуынша, желі мен интернет жоқтығы, алқап ортасында орналасқан түрмеге тікелей байланысты. Тәртібі қатал жабық мекемеде ұялы байланыс қызметін бұғаттайтын құрылғы орнасалқан екен. Байланыс операторлары сигналдың әлсіз болуын дәл осы себеппен түсіндіріп отыр. Десе де түрме басшылығы құрылғы бүкіл иінді қамтымайтынын айтуда.

«Бүгінгі таңда тиісті шаралар қолға алынды. Мамандар байланыс жүйесін бұғаттайтын құрылғының таралу аумағын қалыпқа келтіріп жатыр. Жақын арада шешімі шығуы керек», – деді ЖД-158\7 түзеу мекемесінің басшысы Алмасбек ӘЗІРБЕКОВ.

Ғимараты ел арасында орналасқан түрме басшылығы төтенше жағдайға байланысты қауіпсіздік шаралары одан әрі күшейтілгенін жеткізді. Айтуларынша, мамандар құрылғыға жасаған сараптама нәтижесі жуырда дайын болады екен. Ал, бірер күнде білімді онлайн алып үйде жұмыс істеуі  тиіс жұрттың, қалай күнелтетіні белгісіз боп қала бермек.

Мерей Бает, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы, Тараздан