Төсенішке от қойған ол екінші қабаттың терезесінен секіріп, қашып кеткен
Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 17 ақпанда сағат 5.41-де өрт сөндіру бөліміне Тасқала аудандық орталық ауруханасының екінші қабатында 8 палатаның өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды zakon.kz mgorod.kz сайтына сілтеме жасап.
Өрттің ауданы 15 шаршы метрді құрады. Өрттің шығу себебі: 42 жастағы науқас төсенішке от қойып, өзі екінші қабаттың терезесінен секіріп, ізін суытқан. Қазір ол адам іздестіріліп жатыр. Өрт сағат 06.16-да сөндірілді. Өртті жоюға үш техника мен 11 өрт сөндіруші жұмылдырылды, дейді БҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Айта кету керек, ауруханадан 20 адамды, оның ішінде 4 бала, 8 медициналық қызметкер эвакуацияланды. Екі адам құтқарылды, олардың бірі - бала.
Оқыс оқиғадан кейін Тасқала ауданының орталық ауруханасының өрт шыққан екінші қабатындағы науқастар бірінші қабатына жатқызылды.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы басшыдан түсініктеме алу мүмкін болмады.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл факті бойынша күдіктінің анықталғанын, ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабы, яғни «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
Мәселенің басқа мән-жайлары әлі анықталып жатыр.