Қытайда коронавирус жұқтырған науқас жазылды

31.01.2020 19:01

Чунцин қаласы, Ушань уезінің тумасы 44 жастағы әйел Ухань қаласында қызмет еткен

/u-f.ru/

Аурудан сауыққан 44 жастағы әйелден жаңа типтегі коронавирус анықталып, бірден ауруханаға жатқызылған еді. Чунцин қаласы, Ушань уезінің тумасы соңғы жылдары Ухань қаласында қызмет еткен. Ол Чунцин қаласында бұл дертке шалдыққан алғашқы науқас болып тіркеліпті. Дәрігерлер күнделікті инфекцияға қарсы ем-дом жүргізіп, дәстүрлі қытай медицинасын қолдануға дейін барған. Соңғы бірнеше күннен бері қытайлық азаматша өзін жақсы сезінетінін айтып, ауруханадан шығарылыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал Үндістанның Керала штатында жаңа типті коронавирус жұқтырған бір адам тіркелді. Қауіпті дерт таяуда Қытайдың Ухань қаласынан келген үндістандық студенттен табылды. Науқастың жағдайы қазір тұрақты, ол оқшауланған жерде толықтай бақылауға алынған екен. Бұдан бұрын хабарланғандай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың таралуына байланысты жаһандық төтенше жағдай жариялаған болатын. Дегенмен ұйым басшысы Тедрос Гебрейесус халықаралық іс-сапарлар мен саудаға шектеу қоюға негіз жоқ екенін айтуда. 2009 жылдан бері ДДСҰ осымен алтыншы рет халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялап отыр. Соңғы рет ұйым 2019 жылы Конго демократиялық республикасында Эболаның жаппай таралуына байланысты осыған ұқсас мәлімдеме жасаған болатын. Бүгінде әлем бойынша жаңа вирусты жұқтырғандар саны 100-ге жетті. Індет 18 елден табылған. Қытайдың өзінде қауіпті індетті жұқтырғандар саны 10 мыңға жуықтап, кемінде 213 адам көз жұмды.