Өрт туралы дабыл 27 қыркүйекте сағат 6.55-те түскен
22-шағын ауданда орналасқан «Масат» базарында алапат өрт болды. Отты сөндіруге жүзден аса адам жұмылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы ТЖД ақпараты бойынша, базардағы өрт туралы дабыл 27 қыркүйекте сағат 6.55-те түскен. Екі сауда қатары отқа жабылды, 17 сауда нүктесі мен 14 контейнер және жалпы ауданы 750 шаршы метр шатыр астындағы 60 орын өртенді.
«Өрт сағат 9.16-да ауыздықталды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге ТЖД-нің 68 қызметкері және 13 техника, мемлекеттік емес өрт сөндіру қызметтерінен 10 адам және 2 техника, медицина және апаттар орталығынан 3 қызметкер және 1 техника, 54 полицей және 25 техника жұмылды», – деді Маңғыстау облысы ТЖД басшысының орынбасары, подполковник Бекболат Әбдіқадыров.
Өрт 10.27-де сөндірілді.
Өрттің шығу себебі анықталады.