Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі басталды
Алматы облысында мас көлік жүргізуші 4 оқушыны қағып кетті. Әртүрлі дене жарақаттарын алған үш бала ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Оқиға 2 наурызда сағат 18:40-та Еңбекшіқазақ ауданында болған. «Уаз» автокөлігі Арзиев көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, жол жиегінде тұрған екі 8 жастағы және екі 9 жастағы қыздарды қағып кетті. Алматы облысының Полиция департаменті көлікті басқарған Еңбекшіқазақ ауданы Корам ауылының 54 жастағы тұрғынын ұстады. Ол көлікті мас күйінде жүргізген», – деді Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жарақат алған үш бала Шелек аудандық ауруханасына жатқызылды. Жүргізуші медициналық айықтыру пунктіне орналастырылды. Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасына сәйкес ҚР ҚК 345-1 бабы, 2-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.