Мыңға тарта адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған
Қазақстанда заңсыз митинг кезінде төрт мыңға жуық азамат ұсталған. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министр 9, 10, 11, 12 және 13 маусым күндері республика қалаларында заңсыз митинг өткенін айтты. Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінің бірнеше мәрте ескерткеніне қарамастан, адамдар көшеге шыққан.
«Митингке шыққан азаматтар «Митингтер, шерулер және демонстрациялар туралы» заңды бұзды. Заңда мұндай акцияларды өткізбес бұрын жерілікті атқарушы органдарға өтініш беру керектігі анық жазылған. Олар рұқсат бергеннен кейін ғана митинг өткізілуі тиіс», - деді Тұрғымбаев үкімет кулуарында.
Ол заңсыз митинг кезінде полицейлерге арнайы құралдарды қолданбау туралы нұсқау берілгенін айтты. Бұл – газ баллондары мен резеңке таяқ.
«4 мыңға жуық азамат ұсталды. 3 мың адам профилактикалық жұмыстан кейін босатылды. 677 адам сот арқылы әкімшілік қамауға алынды, ал 305-іне әкімшілік айыппұл салынды», - деді министр.
Тұрғымбаевтың айтуынша, мыңға тарта азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сайлаудан кейін болған заңсыз митингтерден соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кінәсіз азаматтар мен оқиға орнында кездейсоқ болғандарды босатуды тапсырды. Сондай-ақ ол наразылық білдіріп жатқандарды диалогқа шақырды. Осы мақсатта мемлекет басшысының жарлығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Алғашқы отырысы 2019 жылдың тамызында өтеді деп жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Тоқаев Қазақстанда азаматтардың көшеге шығып, наразылығын білдіруге рұқсат беретін арнайы заң қабылданатынын мәлімдеді.