«Времянкадан» шыққан өртке пеш себеп болған
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов алапат өрттен кейін бес бірдей баласынан айырылып қалған ата-анаға қатысты қылмыстық іс қозғалмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қасымов өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
«Сараптама жүргізу керек. Өрттің шығуына пеш себеп болған», – деді министр үкімет кулуарында.
Сондай-ақ, өз міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін марқұм қыздардың ата-анасына қатысты қылмыстық іс қозғала ма деген сауалға да жауап берді.
«Менің ойымша, бұл іс қозғайтындай жағдай емес», – деді Қасымов.
Еске сала кетсек, ақпанның үшінен төртіне қараған түні Астанадағы Көктал-1 тұрғын үй алабында «времянка» өртеніп, бес бала көз жұмды. Қаза болғандардың барлығы – қыз. Балалардың ата-анасы түнгі уақытта жұмыста болған.
Үкіметтің бүгінгі отырысында премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев марқұм балалардың ата-анасына көңіл айтып, әкімдерге тиісті тапсырмалар берді.