Қарағанды облысындағы Қорғалжың қорығы мен ондағы жан-жануарлар әлеміне қарауыл болған инспектор Ерлан Нұрғалиевті өлтірді деген браконерьлер анықталды. Бұл туралы еліміздің Ішкі істер министрлігінің өкілдері хабарлады. Алайда, құзырлы орган күдіктілердің аты-жөндерін жарияламай отыр. Қазіргі кезде өңірде тергеу амалдары басталып, заңсыз аң аулағандарға іздеу салынған. Қанды оқиғаны Бас прокурор да өз бақылауына алған.
Ішкі істер министрлігі Қарағанды облысының Теңіз көлінің жанындағы «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының инспекторларына шабуыл жасап, Ерлан Нұрғалиевті өлтіргендерді анықтады. Бірақ ведомство таратқан ақпаратта күдіктілердің аты-жөні айтылмаған. Облыстық Полиция департаменті тергеу амалдарын бастап, үш браконьерге Қылмыстық кодекстің 99-шы бабы 2-ші тармағы бойынша, яғни «Адам өлтірді» деген күдікпен іс қозғаған. Құзырлы орган қанды оқиғадан кейін ізін суытқандарды іздестіріп жатыр. Бұл оқиғаны Бас прокуратура да өз қарауына алыпты.
«Қымбат көлік мінген адам өліміне себепкерлер кім болса да, өз жазасын алады. Аталған іс Бас прокурордың жеке бақылауында. Ішкі істер министрлігі орталық аппаратының қызметкерлері жергілікті полицияға көмек көрсету үшін Қарағанды облысына аттанды. Қысқа мерзімде бұл қылмыстың беті ашылатынына сенімдімін», – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей ЛУКИН.
Ал Парламент мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен бұдан былай осындай жағдай орын алмас үшін қаскөйлерді қатаң жазалау керек дейді. Бұдан өзге, қорыққа бас-көз болатындардың материалдық-техникалық қамтылуы көңіл көншітпейтінін айтты. Халық қалаулысы ерекше қорғалатын аймақтарға тек қоршаған ортаны қарайтын инспекторларды ғана емес, құзырлы орган қызметкерлерін де тарту керегін алға тартты.
«Инспекторлардың материалдық-техникалық жабдықтары мәселесі қазіргі кезде өте төмен. Біз, менің әріптестерім осы мәселені осы Парламентке де, Үкіметке де депутаттық сауал жолдау арқылы көтерген болатын. Әрине, екі қымбат шетелдік көлікке инспектор көліктері жете алмайды. Браконьерлік немесе заңсыз аңға шығып жүргендерді қатаң жазалау керек. Егер қандай да бір сигнал келіп түссе, тек инспекторлар ғана емес, жергілікті құқық қорғау органдары да бірлесе арнайы операция жасауы керек», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақтияр МӘКЕН.
Естеріңізге салсақ, 13 қаңтарда Қарағанды облысының Нұра ауданында патруль жасау кезінде «Охотзоопром» инспекторлары қар бетіндегі қанды байқап, екі көліктің ізіне түседі. Сәлден кейін үш қаскөй тізгіндеген джип көлігін тоқтатып, жөн сұраспақ болған инспекторларға олар шабуыл жасаған. Нәтижесінде, Петр Ницык түрлі жарақат алса, Ерлан Нұрғалиев ауыр халде Астанадағы №1 қалалық ауруханасына жеткізілген. Екі күн ес-түссіз жатқан Нұрғалиев кеше қайтыс болды. Марқұмның жаназасы ертең Нұра ауданындағы Баршын ауылында шығарылады. Айта кетейік, сол күні қаскөйлердің бес киікті атып өлтіргені белгілі болды.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана