Ұсталған азамат өзінің арам ниетін мойындап, 13-сәуір күні жазбаны масаң күйде жасағанын айтты
Талдықорғанда 12 адам коронавируспен ауырады делінген аудиожазбаны таратқан азамат ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
«Мынадай ақпарат келді. ..Кейін бұл туралы айтатын шығар…Талдықорғанда 12 адамнан коронавирус анықталыпты… Ақпаратты маған сол қарамақта жүрген адам айтты..», – деген аудиожазба әлеуметтік желіде тараған болатын. Бұл жалған дауыстық жазбаның авторы қазір ұсталды. Және оған қатысты ҚР ҚК-нің 274-бабының 4-бөлігі бойынша, яғни көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық іс қозғалды.
«Жалған ақпарат таратқан жеке тұлғаны анықтау мақсатында шұғыл түрде бірқатар іс-шаралар жүргізілгеннен кейін, күдіктінің Талдықорған қаласының 1986 жылғы Б. есімді тұрғыны екені анықталды. Сонымен қатар, жас ер азаматтың еш жерде жұмыс істемейтіндігі және халықты дүрбелеңге салу үшін мұндай әрекетке барғандығы белгілі болды. Ұсталған азамат өзінің арам ниетін мойындап, 13-сәуір күні жазбаны масаң күйде жасағанын айтты. Осылайша, бұл азаматтың дауыстық хабарламасы WhatsApp мессенджері арқылы жедел таралған»,-деп хабарлайды Алматы облысы ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Дәурен Сәкенов.
Қазіргі уақытта ұсталған азамат өзі жасаған әрекетіне өкініп, барлық азаматтарды оның қателігін қайталамауға шақырды.
«Біз күн сайын адамдарды негізсіз жаңылыстыруға әкелетін осындай жарияланымдарды анықтау және қатаң жолын кесу мақсатында ғаламтор кеңістікгін, ресми және бейресми бұқаралық ақпарат құралдарының барлық ресурстарын, әлеуметтік желілерді қадағалаймыз. Осындай сипаттағы бірде-бір ақпарат біздің назарымызсыз және жазасыз қалмайды деп толық сеніммен айта аламыз. Төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат таратқан тұлғаларға қатысты үш жылдан жеті жылға дейінгі бас бостандығынан айырылу жазасы қарастырылған», - деп толықтырды Сәкенов.