Бүгін Өскемен әуежайына жақын маңда АН-2 ұшағы құлағаны белгілі болды. Төтенше жағдайдың егжей-тегжейін Қазақстанның авиациялық әкімшілігі баяндады деп хабарлайды kaz.nur.kz.
Ведомствоның мәліметінше, құлаған ұшақ "Орлан 2000" әуе компаниясына тиесілі. Ол Өскемен – Ақсуат бағытында санитарлық тапсырма бойынша рейс орындаған.
26 ақпанда сағат күндізгі 13:00 шамасында экипаждың қозғалтқышта мәселе туындағанын хабарлағаны белгілі болды. Командир әуе кемесін шұғыл жерге қондыруға шешім қабылдаған. Оқиға Өскемен әуежайынан 1,5 шақырым жерде орын алған. Авиациялық әкімшіліктің хабарлауынша, бортта бес адам болған. Олардың үшеуі – экипаж мүшелері, екеуі – қызметтік жолаушылар.
Ведомствоның дерегінше, қаза тапқандар жоқ. Қазіргі уақытта аталған оқиғаға қатысты тергеу басталды. Оқиға орнынан түсірілген видеолар әлеуметтік желілерде тарап жатыр. Кадрларда қарда жатқан ұшақ бейнеленген. Әуе кемесінен қызыл жалын мен түтін байқалады.
"26 ақпанда шамамен сағат 13:00-де Прапоршиково ауылынан 10 шақырым жерде АН-2 ұшағы қону барысында қозғалтқыштан өрт шыққан. Ұшқыштың аэродромнан тыс мәжбүрлі апаттық қону жасауына тура келген. Бортта 5 адам болған. Адам өлімі болған жоқ. Ұшқыштардың біріне медициналық көмек көрсетілуде. Жағдай анықталып жатыр", –деді ІІМ ТЖК.