Алматыда жол апатын жасаған мас полицей жұмыстан шығарылды

05.03.2019 23:01

Алматыда жол апатына ұшыраған мас полицей жұмыстан қуылды. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әлеуметтік желіде тарап кеткен видеода полицей формасын киген ер адамның соқтығысқан көліктің жанында жатқаны, кейінірек оның полиция учаскесінде отырғаны көрінеді. Көлікті мас күйінде жүргізген жігіт жергілікті полиция қызметі жанындағы патрульдік полиция полкінің қызметкері болған. Жол ережесін бұзып қана қоймай, өзгенің мүлкін де зақымдаған тәртіп сақшысының заңсыз әрекетінен ешкім жарақат алған жоқ.    

«Мас күйінде рөлге отырған бұрынғы сақшы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңының 608-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.  Полиция департаменті басшысының 23 ақпандағы бұйрығымен ол Ішкі істер органдарынан сол күні босатылды», – деді ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі, ресми өкіл Нұрділдә ОРАЗ.