Алматы облысында BMW X5 көлігі үйдің үстіне құлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Фото Instagram-дағы almaty_kris_p парақшасында жарияланды.
Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, BMW көлігінің қатысуымен болған жол апаты 24 мамырға қараған түні Іле ауданы, Боралдай ауылында болған.
"Көлік тізгініне ие бола алмаған 29 жастағы жергілікті тұрғын жолдан шығып кетіп, тұрғын үйдің шатырына түскен. Оқиға салдарынан электр сымдары бар бағаны құлады", - деді полиция.
Жеңіл дене жарақатын алып, ауруханаға жатудан бас тартқан жүргізушіні қоспағанда, апаттан зардап шеккендер жоқ.
"Құқық бұзушы ҚР ҚК 610-бабы "Көлiк құралын, жолдарды, жол және өзге де құрылыстарды немесе өзге де мүлiктi зақымдап, материалдық залал келтiруге әкеп соққан көлiк құралы жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзуы" бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады", - деді полиция өкілі.
Келтірілген шығын әлі есептеліп жатыр.