Балшыққа белшеден батқан көліктерге көмек көрсетілді

10.03.2024 18:43

Жезқазған-Қызылорда тасжолында 350 адам жолда қалды

elements.envato.com

Күн райының күрт жылынуы салдарынан Жезқазған-Қызылорда автожолында көліктердің жол жүруі қиындады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап. 

Ұлытау облысының автокөлік жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасының хабарлауынша, 10 наурызда сағат 12-ге дейін барлығы 75 көлік балшықтан шығарылған. Оның ішінде 1 автобус, 10 жүк көлігі және 36 шағын автобус пен 28 жеңіл көлікке көмек көрсетілген. Ол көліктерде барлығы 350 адам, оның ішінде 22 бала болған.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, жолдағы құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің 4 қызметкері мен 1 арнайы техникасы, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы филиалының 2 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылған.

Жезқазған-Қызылорда тас жолының Ұлытау облысы аумағындағы бөлігін қайта жөндеу бойынша қазіргі таңда ҚР Көлік министрлігі тарапынан конкурстық рәсімдер өтіп жатқанын, жол жөндеу жұмыстары биыл басталатынын еске саламыз.

Оқи отырыңыз: Атырауда 4 адамның өмірін қиған жол апаты болды (видео)