Алматы облысында полицейлер Ұлттық бюро қызметкерлерін атып, қашып кеткен

18.04.2019 19:44

Оларға іздеу жарияланды

Tengrinews.kz

Полицейлер Алматы облысы Жаркент қаласында Ұлттық бюро қызметкерлеріне оқ жаудырған. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкерлері ІІМ өзіндік қауіпсіздік қызметімен бірлесіп, ішкі істер органдары жүйесіндегі жосықсыз қызметкерлер бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Ұлттық бюроның Алматы облысы бойынша Департаменті облыстық Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік қызметімен бірлесіп, Панфилов аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесі басшысының, ЖПҚ басшысының (полиция майоры), сондай-ақ, осы аудандағы патрульдік полицияның екі қызметкерінің (екеуі де сержант) пара алғанын анықтады», - деп хабарлады Бердалин Нұр-Сұлтандағы брифингте.

Олар жергілікті тұрғыннан 2491 ондатр терісін қайтарып беру үшін 700 мың теңге пара алды деген күдікке ілінген.

Тергеу жалғасып жатыр.

«Сонымен қатар, ұстау барысында патрульдік полиция қызметкерлерінің бірі Антикоррупция қызметінің жедел-тергеу тобына оқ атқан. Соның салдарынан үш полицей қылмыс орнынан із суытқан. Осы дерек бойынша Панфилов аудандық полиция бөлімінде Қылмыстық кодекстің 380-бабының 3-бөлігі, 5-пункті бойынша соталды өндіріс тіркелді. Қазіргі уақытта олар іздеуде жүр», - деді Бердалин.

Теги: стрельба