Түркістан облысында хабар-ошарсыз кеткен қыз табылды. 13 жастағы жасөспірім отбасылық жанжалдан кейін үйінен кетіп қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ата-анасы қызының із-түзсіз кеткенін айтып, Шардара аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне арызданған. Жергілікті тұрғындар кәмелетке толмаған қызының әлі күнге дейін оралмай отырғанын көрсеткен. Осыдан кейін қыз баланы іздестіруге Шардара АПБ барлық жеке құрамы мен Түркістан облысы полиция департаментінің Криминалды полициясы жұмылдырылып, жан-жақты жұмыстар жүргізілді. Жедел өкілдер жоғалған қыздың таныстары мен достарын сұрастырып, олардан жауап алған. Іздестіру шарасының нәтижесінде 13 жасар қыз табылды. Ол осы уақытқа дейін құрбысының үйінде болған. Жоғалған қыз аман-есен ата-анасымен табысты.
Осы ретте облыс полицейлері ата-аналарға балаларына барынша мұқият болуды ескертеді. Көп жағдайда жасөспірімдердің жоғалу себебі – ата-ананың балаға салғырт қарауы, отбасындағы өзара түсініспеушілік және бала мен ата-ананың өтпелі кезең қиындықтарына төзе алмауы.