Алматы облысында полицейлер үш тоннаға жуық заңсыз балық тәркіледі

22.04.2020 19:55

Табиғат қорғау заңнамасының талаптарын бұзудың 346 дерегін анықтаған

yujanka.kz

Алматы облысында полицейлер үш тоннаға жуық заңсыз балық тәркіледі,  деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы облысының тәртіп сақшылары мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, табиғат қорғау заңнамасының талаптарын бұзудың 346 дерегін анықтаған. Тіркелген деректер бойынша қылмыстық өндірістер қозғалған.

«Биыл табиғат қорғау тәртібін бұзудың 31 дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде заңсыз балық аулаудың – 13, заңсыз аң аулаудың 10, ағаштарды отаудың төрт, жер қойнауын заңсыз игерудің үш дерегі бар. Сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталған соң істер сотқа жолданатын болады», – деп хабарлады Алматы облысы ПД ЖПҚБ Табиғат қорғау полициясының инспекторы Бағлан Рымжанов.

304 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Аң аулау тәртібін сақтамаған 200 жуық аңшыға тиісті хаттама толтырылса, заңнама талабын бұзған 67 балықшы айыппұл арқалады. Тәртіп сақшылары жыл басынан бері браконьерлерден заңсыз ауланған үш тоннаға жуық балық, бес қайық пен заңсыз кесілген алты текше метрден астам ағаш тәркілеген. Сонымен қатар, құқық бұзушылардан 136 дана құрал-жабдық табылған. Оның ішіндегі 30 астам атыс қаруының тоғыз данасы заңсыз сақталғаны әшкере болды.