Қарағанды облысында жылдар бойы жалақысын жарытып ала алмай келе жатқан «Жаңаарқа локомотив пайдалану депосының» жұмысшылары журналистерге жанайқайын жеткізді. Ол аздай, тозығы жеткен техника да титығымызға тиіп бітті дейді теміржолшылар. Ал, басшылық қызметкерлерге қоқан-лоққы көрсететін көрінеді. Мәселенің ушыққанын сезген компания елордадан комиссия жіберіпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бас қаладан келген бұл комиссия жиынға тілшілердің қатысқанын қаламады. Алайда теміржолшылар талабымызды «төртінші билік» өкілдері де естісін деп ызаға булықты. Әйтпесе, өздері де залдан шығып кететіндерін ескертті. Сөйтіп 35 жұмысшы жылдар бойы қордаланған мәселелерін түгел жайып салды.
«Неше жыл болды біздің айтып келе жатқанымызға. Ешкім тыңдап жатқан жоқ. Енді сіздер тыңдайсыздар ма? Тыңдамайсыздар ма? Өздеріңіз білесіздер. Бізге әділдікмен барлығын айтып берсеңіздер. Ал егер әділдік болмаса, біз тоқтамаймыз. Шегінерге жол жоқ», – деді «Жаңаарқа локомотив пайдалану депосы» АҚ машинисі Қайрат ЖҰМАТАЕВ.
Машинистер мен олардың көмекшілері жалақымыздың аз болғаны өз алдына, басшылық балағаттап, жеке басымызға тіл тигізіп, әбден қор қылды дейді. Тіпті, мәселесін айтып келген жұмысшыларға басшылары «пышақтаймын» деп ерсі қылық көрсететінін де жасырмады.
«Мен бастықтың кабинетіне кіріп амандасқан бетім сол еді, есепші кіріп келіп, «сен менің қанымды іштің, қазір сені пышақтап өлтірем» деп ұмтылды маған қарай», – дейді бір жұмысшы.
«Мен Жезқазғанға барып, разьездік мінездеме толтырып, соны төлетуге барғанмын, Әсия Рахметжанқызы «төлемеймін» деп, қағазды бетіме лақтырып жіберді», – деді келесі бірі.
Тіпті қауіпсіздік талаптары сақталмайтынын да айтып, қыл үстінде жүрміз деп күйінді жұмысшылар. Әбден тозығы жеткен тепловоздардың құрал-саймандары бүгінде шығарылмайды екен. Алда-жалда өрт шықса, оны сөндіретін су да жоқ дейді.
«Екінші мәселе мына қара тепловоздар. Тозығы жеткен анау поровоздарды да қойып қойды ғой. Бұның да уақыты жеткен. Тоқтату керек бұларды. Қауіпсіздік жоқ ешқандай. Өртенген жағдайлар болды. Өртенген тепловоздарды бригада бәленбай мыңға өз қалтасынан қалпына келтірді», – деді «Жаңаарқа локомотив пайдалану депосы» АҚ жұмысшысы Саян ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ
«Өрт сөндіргіш жоқ. Барлығын санап береді. Қалбырға су құйып аламыз. Сонымен сөндіреміз. Біз енді баяғы заманда қалып қойғанбыз ғой», – деді «Жаңаарқа локомотив пайдалану депосы» АҚ жұмысшысы Қайрат ЖҰМАТАЕВ.
Шындықты айтып шырылдаған жұмыскерлердің шағымдарын тыңдауға келген комиссия мүшелері бұл өңірде үш күн бойы тексеріс жүргізеді. Олар басшылықтан ешқандай қысым болмайды, түйткілдің түйінін тарқатамыз деген уәделерін берді.
«Келді, кетті сөйледі. Айтып, айтып кетті деген әңгіме болмау керек. Бұл мен үшін және менің әріптестерім үшін өмірлік маңызды нәрселер. Қай жерде не болып жатыр барлығын анықтаймыз», – деді «ҚТЖ Жүк тасымалдау» АҚ бас директорының кеңесшісі Алтынбек ЖҰМАДІЛОВ.
Мехнатты жұмыстарының маңдай терімен тапқан еңбекақыларын өсіріп, техника тапшылығы мәселесін шешпесе жоғары инстанцияларға жүгінеміз дейді жұмысшылар.
Асылбек Тойбек «Алматы» телеарнасы