Дер кезінде шара қолданған полицейлер әйелді босатып алды
Ақмола облысында полицейлер бұрынғы күйеуі кепілге алған әйелді босатып алды. 33 жастағы ер адам аудандық білім беру басқармасы директорының кабинетінде әйелін кепілге алып, балаларын қайтаруын талап еткен, деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
22 сәуірде таңертеңгі уақытта Қорғалжын аудандық полиция бөліміне ауылдағы білім беру басқармасы директорының кабинетінде 33 жастағы ер адамның бұрынғы әйелін кепілге алғаны туралы қоңырау түскен. Жантеке аулының қаруланған тұрғыны өзінің бұрынғы әйелінен балаларын қайтаруын талап етіпті. Сонымен қатар білім беру бөлімінің ғимаратынан кету үшін көлік сұраған.
Құқық қорғау органдары бірден жұмылдырылып, ғимарат қоршауға алынды. Күдіктіні танитын полиция қызметкерлерінен келіссөз жүргізушілер тобы құрылған.
Нәтижесінде полицейлер әйелді босатып алды.
«Қабылданған шаралар нәтижесінде күдікті ұсталды. Одан тегіс ұңғылы қару мен пышақ тәркіленді. Оның тегіс ұңғылы қаруға рұқсаты болған. Кепілге алынған әйел босатылды. Оның денсаулығы тексерілді. Денесінен жарақат белгілері табылған жоқ», - дейді полиция қызметкерлері.
Операция барысында көз жұмғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 261-бабы 2-тармағына (Кепілге алу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Күдікті 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.