Оқиға өткен жылдың күзінде болған
Ғылыми конференциядан қайтып келе жатқан бойжеткенді «Тальго» пойызында зорлаған екі жолсерікке қатысты қылмыстық іс сотқа берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқиға өткен жылдың күзінде болған. Бұл туралы «НеМолчиKZ» қоғамдық қорының басшысы Дина Смаилова Facebook парақшасында жазды.
«26 қыркүйек күні кешкі сағат 22.00 шамасында бойжеткен «Тальго» пойызының купесіне отырады. Сол сәтте ол іште отырған ер адамды көреді. Заттарын қойып, пойыз мейрамханасынан тамақтанып келеді. Купеге оралғанда онда форма кимеген жолсерік отырады. Ол әуелгі кірген ер адамды басқа купеге ауыстырып жібергенін айтады. Қыз ұйқысы келгенін түсіндіріп, жолсеріктен купеден шығуын өтінеді. Сыра ішіп отырған жолсерік тек жарты сағаттан соң шығып кеткен. Алайда таңғы сағат 04:00 шамасында жолсерік бойжеткен жатқан купеге өз кілтімен ашып кіріп, бойжеткенді зорлайды. Мұнымен қоймай, артынша екінші жолсерік те келіп, әріптесінің ісін қайталайды», – деп жазды Дина Смаилова.
Осы оқиғадан кейін бойжеткен күйзеліске түскен. Қылмыстық іс түрлі сараптамалардың қорытындысы бойынша дәлелденген. Бойжеткен психологтың қабылдауына тұрақты барып тұрады.
Ал бұрынғы жолсеріктер Қолқанат Құлманиязов пен Жетес Үмбетәлиевке қатысты сот отырысы 26 шілдеге шегерілді.