Алматы облысында такси тоқтатып тұрған әйелді көлік қағып өлтірді

Алматы облысында такси тоқтатып тұрған әйелді көлік қағып өлтірді
Мас жүргізуші сондай-ақ, екі көлікті соғып, қашып кетпек болған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Талғар қаласында жантүршігерлік жол апаты болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      

16 қазан күні түнгі уақытта сауда орнынан шығып, такси тоқтатып тұрған 33 жастағы әйелді Honda көлігінің жүргізушісі қағып кетті. Қатты соққыдан әйел трассаның шетіне ұшып түсіп, сол жерде жантәсілім еткен.

Оқиға орнынан қашып кетпек болған күдікті шамамен, бір шақырым жүргеннен кейін Toyota көлігінің артына соғылған. Күдіктінің бұл әрекетінен жолдағы Mercedes көлігі де соққы алыпты. Кейін күдікті көлігін тастап, жаяу қашуға бет алыпты. Алайда оқиға куәгерлері полиция келгенше ер адамды жібермей, ұстап тұрған.

«Honda автокөлігінің 51 жастағы жүргізушісі жол жиегінде тұрған жаяу жүргіншілерді қағып кеткен. Соқтығысудың салдарынан 33 жастағы әйел оқиға орнында қаза болды. Жол-көлік оқиғасы болған жерден жасырынбақ болған жүргізуші Toyota автокөлігі мен тоқтап тұрған Mersedes автокөлігімен соқтығысқан. Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес жүргізуші масаң күйде болған. Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деді Алматы облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота Әзірбек.

Новости партнеров