Оқиға бойынша іс материалдары Көкшетау қалалық ПБ жолданады
Көкшетау университетінде өрт болып, 2400-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат аймақтық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, 7 қараша күні сағат 11:15-де құтқару қызметіне Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің басты корпусында түтін шыққаны туралы ақпарат түскен.
«Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер білім ордасы ғимаратының жертөлесіндегі желдеткіш шахтасында, 2 шаршы метр аумақта өрт шыққанын анықтады. Өрт сөндірушілер келгенше, университет жұмсышылары өз күшімен тілсіз жауды ауыздықтап үлгерді. Сонымен қатар, олар 2000 студент пен 400 қызмет көрсету персоналын қауіпсіз жерге шығарды. Зардап шеккендер жоқ», - деп түсіндірді Ақмола облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қанат Доспаев.
Оқиға орнына ТЖД жеке құрамынан 53 қызметкер мен 13 арнайы техника жұмылдырылды.
Департамент басшысы атап өткендей, оқиға бойынша іс материалдары Көкшетау қалалық ПБ жолданады.