Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Төтенше жағдайлар департаменті және аудандық әкімдіктерімен бірлесе отырып, балалардың жарақаттану және өлім-жітім оқиғаларының көбеюіне байланысты үрлемелі батуттардың жұмысын уақытша тоқтатуға бағытталған шараларды қолға алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының ақпаратына сәйкес, Орталық, «Жетісу», «Жерұйық» және «Студенттік» саябақтарының әкімшілігі жүргізген жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері үрлемелі 11 батуттың жұмысы тоқтатылды. Қазіргі уақытта қала әкімдігі сауда, ойын-сауық орталықтары аумағында оларды орнатуға рұқсат бермейді.
Кәсіпкерлер сауда орталықтарында және басқа да жекеменшік нысандарда батуттарды ғимарат иесімен жалдау шартын жасау арқылы орналастырады. Ал сауда орталығының иесі аумақты жалдауды қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ келісімшарт бойынша, саябақ әкімшілері жел секундына 10 метр жылдамдықпен соққан жағдайда және ауа райы тұрақтанғанға дейін батуттар мен аттракциондар жұмысын тоқтатуы тиіс.
«Сонымен қатар, бүгінгі таңда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Батуттардың және аттракциондардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ережесін әзірлегенін хабарлаймыз», - деп атап өтті басқармадан.