Жас қыз дене шынықтыру пәнінен дәріс берген
Батыс Қазақстан облысында мектеп мұғалімі асылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға Теректі ауданы Шаған ауылдық округінің Жаңа Өмір ауылында болған.
«17 қыркүйек күні шамамен сағат 09.30-да орман арасынан үйден 100 метр жерден 1998 жылғы қыздың денесі табылды. Тексеру барысында оның мұғалім болып жұмыс істегені анықталды», - деді полициядан.
Белгілі болғандай, 21 жастағы қыз 16 қыркүйек күні сағат 08.00-де өзінің «Фольксваген Венто» автокөлігімен жұмысқа кетіп, кешке үйіне оралмаған.
Телефон қоңырауына жауап бермеген. Оның асылып қалған денесін 1984 жылғы көршісі қоқыс шығару кезінде тапқан.
Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК-нің 105-бабы 1-бөлігіне сәйкес (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ауыл тұрғындарының сөзіне қарағанда, марқұм ауылға жаңадан келген жас маман болыпты. Мектепте дене шынықтыру пәнінен дәріс берген.