БҚО-да құлаған тікұшақта техникалық тұрғыдан ақау болмаған

28.02.2023 23:39

23 ақпанда Ми-8 тікұшағы төтенше жағдайда қонып, 4 адам қаза тапқан еді

Almaty.tv

БҚО-да құлаған тікұшақта техникалық тұрғыдан ақау болмаған. Апатқа қатысты осындай алдын-ала қорытындыны ТЖМ Юрий Ильин жария етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, әуе кемесі ұшуға жарамды болған, ал ұшқыштардың кәсібилігіне шағым жоқ. Өйткені мамандардың бірінің осыған дейін әуеде ұшудан 4 мың сағаттық тәжірибесі бар екен. Енді тек комиссияның нақты шешімі апаттың себеп-салдарын анықтайды.

Еске сала кетейік, 23 ақпанда Ми-8 тікұшағы төтенше жағдайда қонып, 4 адам қаза тапқан еді. Тікұшақта болған тағы 2 адам түрлі дене жарақатымен Орал қаласындағы қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілген. Жалпы бортта 6 адам болған.

«Біз осы апатқа қатысты ішкі қызметтік тергеу жүргізіп жатырмыз. Бір айтарым, алдын ала қорытынды бойынша тікұшақ техникалық тұрғыдан дұрыс болған. Бұл ұшуды орындаған экипаждың кәсіби деңгейіне күмәндануға негіз жоқ. Сондықтан комиссияның қорытындысы қандай болса, өлімнің де, төтенше жағдайдың да себептері туралы тиісті қорытынды болады», – деді ҚР ТЖМ Юрий Ильин.

Оқи отырыңыздар: Екі орындықтың ортасына түсіп, аман қалдым: «Қазавиақұтқару» инженері Сергей Щеглов оқиғаның қалай болғанын айтты.