Төлеуге мәжбүрлеп отыр: Таразда 3 жыл бұрын қираған үйдің тұрғындары шағымдарын айтты

26.08.2021 00:58

Бастапқыда төтенше жағдай шығыны республикалық бюджеттен өтеледі деген, бірақ бірнеше айдан бері артық ақы түбіртекке тіркеліп келе бастапты

Almaty.tv
Таразда 3 жылға жуық уақыт бұрын жарылған үйдің тұрғындары шағымдарын айтты. Олар жойқын жарылыстан кейін, жөндеуге кеткен қаржының бір бөлігін төлеуге мәжбүрлеп отыр дейді. Бастапқыда төтенше жағдай шығыны республикалық бюджеттен өтеледі деген, бірақ бірнеше айдан бері артық ақы түбіртекке тіркеліп келе бастапты. Мән-жайды Almaty.tv тілшісі Мерей Бает анықтап көрген еді. 


Бұл 2019 жылдың ақпанында болған жойқын жарылыстың кадрлері. Оқиғадан 3 адам ажал құшты. 9 шағын ауданындағы 90 пәтерлі үйдің отыз пәтері қирап, қайтадан салуға тура келген. Шұғыл коммисия құрылып үй жөнделген болатын. Бірақ қайғылы оқиға ұмытыла бастағанда түбіртекке қосымша қаржы қосылған. Яғни оқиғадан бұрын жөнделе бастаған жертөлені халық мойнына артқан. Енді олар 14 миллион теңгені 15 жыл бойы төлеулері тиіс.

Блиц: 

Соған 1600 теңгеден 10 жыл төлейсіңдер деп жатыр. Біз қарсымыз ондайға. 

Сол төлемді алып тастаса деймін. Біз төлей алмаймыз. Өйткені мен көпбалалы анамын. Оның үстіне мүмкіндігі шектеулі қызым бар.

Ал, бірнеше жыл бұрын оқиға орын алған кезде облыс басшылығы басқаша айтқан еді. Алайда, мемлекет мойнында болады деген шығынды енді елдің өтейтін түрі бар. Жергілікті билік болса жағдайдың бұлай өріс алуына мердігер тікелей қатысты дейді.

«Мердігер сотқа талап арыз берді. Сот оны қолдады. Бұған жауапты біздің бөлім болғандықтан, біз толық тексердік, сот шешімімен резервтік қордан 8 млн 800 мың теңге төледік. Егер сот бізді қолдаса, тағы 14 млн теңгені төлер едік. Бірақ сот бюджет кодексіне сүйеніп, ол талапты құптамады», – деді Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев.

Бұқара билік өкілдері уәдесін орындауы тиіс деген талап қойып отыр. Ал, қаланың қазіргі әкімі мәселені мәслихат сессиясында шешудің жолын қарастырамыз деп қысқа қайырған.

Мерей Бает «Алматы» телеарнасы