Полиция жол ережесін бұзған жүргізушілерді жауапкершілікке тартты
Тараз қаласында жол ережесін өрескел бұзған жүргізушілер жауапқа тартылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жамбыл облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 1 шілде күні сағат 20:00-де Тәуке хан көшесінде болған.
Өңірдің Полиция департаменті хабарлағандай, «Тараз» аркасы маңында Toyotа Camry артпен жүріп, «ВАЗ 2114» автомобилін соққан.
Полиция Toyotа Camry жүргізушісіне қатысты Қазақстанның әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 610-бабы (Жүргiзушiнің жол жүру ережесін бұзып, адамдардың денсаулығына зиян келтiруі, көлiк немесе өзге де мүлiктi бүлдіруі), 590 баптың 2-бөлімі (Мемлекеттiк тiркеу нөмiрi жоқ, пайдалануға тыйым салынғаннан немесе заңға сәйкес тiркелмеген көлiкті жүргізу) және 593 баптың 1-бөлімі (Жолаушылар мен жүк тасымалдау ережесін сақтамау) бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.
Ал «ВАЗ 2114» жүргізушісінің үстінен 593-бап 1-бөлімі бойынша (Жолаушылар мен жүк тасымалдау ережесін сақтамау) әкімшілік хаттама толтырылды.
Екі автокөлік те айыппұл тұрағына қойылыпты.