8 мың теңге үшін: Түркістан облысында досының қарызын қайтармақ болған жігітті пышақтап өлтірді

30.01.2019 20:43
cheltv.ru

Түркістан облысында 21 жастағы жігіт досынан қарызын аламын деп көз жұмды. Асылбек Талғатұлы достарымен бірге 8 мың теңге қарызын қайтару үшін келгенде, 4 жігіт пышақпен күтіп алған. Олар үш адамды жарақаттапты. Салдарынан Асылбек ауруханаға жетпей көз жұмды. Қалған екеуі ауруханада жатыр.

Оқиға Түркістан облысының Шолаққорған аулында орын алған, деп хабарлайды Stan.kz.

Белгілі болғандай түнгі уақытта 3 көлікпен келген 9 азаматты 4 жігіт күтіп алған. Жәбірленушілердің сөзінше, сол төртеуі 3 жігітті пышақпен жарақаттапты. Салдарынан 21 жастағы Асылбек ауруханаға жетпей көз жұмды.

«Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-тармағына сәйкес, яғни абайсызда адам өлтіру бабы бойынша іс қозғап отыр. Ол абайсыз емес қой. Қасақана өлтірілген. Дөңгелектерін жарып тастаған», – дейді марқұмның әкесі.

Асылбектің отбасы оның соққыға жығылғанын түнгі сағат 3-тің шамасында естіген. Жарақат алғандар ауруханаға жетпесін деп дөңгелектерін жару қасақана жасалған қылмыс қой деп отыр. Пышақ сандағы күре тамырға тиіп, көз жұмған баланың анасы күдіктілердің қатаң жазаға тартылуын талап етіп отыр.

«Абайсызда деп айтып отыр. Абайсызда болса, көмек көрсетуі керек еді ғой. Олар көліктің дөңгелектерін жарып тастаған», – дейді ұлынан айырылған ана Шынар Нарымбетова.

Белгілі болғандай, оқиға 8 мың теңге қарыз ақшаны сұрап барғаннан басталған. Досы қарызын қайтарып алмақ болып, Асылбекті ертіп апарыпты. Сол жерде пышаққа ілінген марқұмның досы Нұрхан жай ғана сөйлесудің арты қастыққа ұласатынын ойламағанын айтып отыр. Ол пышақ жарақатынан құлап, ауруханада ғана есін жиыпты.

«Аяқ астынан  жанжал шығып кетті. Содан бізді пышақтап тастады», – дейді марқұмның досы Нұрхан Шөкен.

Ал полиция өкілдігі күдіктілердің барлығы ұсталғанын және ешкімнің жазадан тыс қалмайтынын жеткізді. Іс облыстық прокуратураның бақылауына алынған. Тергеу толық, жан-жақты жүргізілуде, кінәлілер жазасын алады, деп сендірді полициядағылар.

«ҚР ҚК 106-бабы 3-тармағы бойынша іс қозғалып, 4 адам күдікті болып танылып, қазір қамауда отыр. Сот-психиатриялық сараптаманы басқа облысқа тағайындадық. Соның нәтижесін күтіп отырмыз. Содан кейін дәрежелеп, сотқа жібереміз. Қай жерінде бұрмалады деп айтып отырғанын білмеймін», – дейді Созақ аудандық полиция бөлімінің басшысы Болат Қаныбеков.

Пышаққа қатысты сұрақтарды да толық анықтаймыз деген полиция басшысы күдіктілер мен прокурордың арасында туыстық қатынас жоқ екенін атап өтті.