Карантин талаптары жеңілдегенімен, босаңсуға ерте
Карантин талаптары жеңілдегенімен, босаңсуға ерте. Осылай деп кәсіпкерлік нысандарына тексеріс жүргізген Медеу ауданының мониторингтік тобы бір түнде сақтық шараларын бұзған бірнеше нысанның жұмысын әшкереледі. Бір ғана Медеу ауданында 2 мыңға жуық мекеме Ashyq жобасымен жұмыс істейтін болса, соның 30-ы мобильді бағдарламаның көшбасшылары болып табылады. Соған қарамастан тәртіпке бағынбайтындар азаймай тұр, деп хабарлайды Almaty.tv
Медеу ауданының мониторингтік тобы өткен демалыста тексеріске шығып, Қабанбай батыр көшесінің бойында орналасқан түнгі клубтың үстінен түсті. Мекеме сағат тілі 12-ден асса да жұмыс істеуін тоқтатпаған. Ал, әкімшісі уақыттың шектеулі екенін білмейтін болып шықты.
«Құрметті кәсіпкерлер сіздерден өтінерім санитарлық талаптарды сақтап жұмыс істеңіздер. Қала әлі де болса «қызыл» аймақта болғандықтан індет жұқтыру қаупі жоғары», – деді Медеу аудандық Nur Otan партиясының өкілі Нұржан Ердембеков.
Көп ұзамай мамандар Ашық бағдарламасының көшбасшысы саналатын мейрамхананың да жұмысын әшкереледі. Мекеме бір топ жастың мерекелік жиын өткізуіне жол беріп, санитарлық талаптарды бұзған.
«Ауданда 4 мониторингтік топ жұмыс істейді. Қазіргі карантин тәртібіне сәйкес, мекемелердің уақытында жабылуын және арақашықтық пен адам санының көп болмауын қадағалаймыз», – деді Медеу аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Арман Сапаров.
Айта кетейік, бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес Ashyq бағдарламасымен жұмыс істейтін кәсіпкерлік нысандар түнгі 12:00-ге дейін, ал мобильді жобаның көшбасшылары 02:00-ге дейін жұмыс істей алады. Осылайша, Медеу ауданының мониторингтік топтары соңғы аптада 350-ден астам мекемеге тексеріс жүргізіп, 7 заңды тұлғаға хаттама толтырған.
Мерей Қанапиянов, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы