Нұр-Сұлтанда 5 жыл бұрын салынған түрғын үй кешені құлағалы тұр

almaty.tv
almaty.tv
Құрылыс компаниясына шағымданған тұрғындар бос сөзден шаршадық дейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елордада 5 жыл бұрын ғана салынған түрғын үй кешені құлағалы тұр. Жаңбыр жауса қабырға дымқылданып, төселген еден көтеріле бастайды екен. Себебі, үйдің дуалдары тым жұқа әрі панельдері дұрыс қағылмаған дейді мұндағы пәтер тұрғындары, деп хабарлайды Almaty.tv

Осы жылдың мамыр айында оларға жөндеу жұмыстары жүргізіледі деген уәде беріліпті. Алайда, нәтиже жоқ. Құрылыс компаниясына шағымданған тұрғындар бос сөзден шаршадық дейді. 

Алматы ауданында орналасқан 914 пәтері бар 11 бірдей көпқабатты үйдің тұрғындары жел тұрып, жаңбыр жауса болды, шелектері мен майлықтарын әзірлеп отырады екен. Бұған себеп, үйдің қабырғалары тым жұқа әрі панельдері дұрыс қағылмаған. «Сапасыз салынған баспана жөндеу көрмесе алдағы бірнеше жылда құлауға шақ қалды» дейді пәтер иелері кооперативінің өкілі.

«Қасбеттерге олар 10 жылға кепілдік берген. Биыл күзде түрғын үйге 6 жыл толады. Біз 6 жыл турамыз бұл кешенде. Қасбет ауа райы бұзылса, құлай бастайды. Былтыр бізге қайта жөндеу жүргіземіз деп уәде еткен. Өзгеріс жоқ»,– деді пәтер иелері кооперативінің өкілі Роза Маханова.

Тұрғындардың бірі Роза Сәтмағанбет панасы болса да, рахатын көре алмай келеді. Ол күн жылыса бірден пәтеріне жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Себебі жаңбырдың салдарынан қабырға дымқылданып, төселген еден көтеріле бастайды екен.  

«Былтыр келгенде қатты жаңбыр болған кезде терезенің бойымен су ақты. Үйдің іші суға толып кетті. Еденнен суды сүртіп үлгере алмағандықтан, бәрі ашылып кетті», – деді үй тұрғыны Ажар Сәтмағанбет.

Әкімдік бұл мәселені растап отыр. Құрылыс компаниясы алдағы 1 ай ішінде орын алған олқылықтарды түзеп, іске кірісеміз деп уәде етіпті.

«Пәтерлер жылы, төбеден ешқандай су ақпайды. Бірақ, кемшіліктері бар. Бұл үйлер «Базис-А» құрылыс компаниясының жасаған панельдерінен салынған. Күн жаңбыр, қатты жел болғанда екі панельдің қосылған жерінен су ағады»,– деді «Елорда Даму» ЖШС директорының орынбасары Боранбай Жамбылов.

Тұрғындар құрылыс компаниясы жақын арада уәдесін орындамаса, сотқа арызданатындарын  айтты.

Динара Жарқынбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров