Қостанай облысында бір тілім нанды рұқсатсыз жеген сәбиді өгей әкесі күйдіріп тастады

07.02.2019 21:03

Кішкентай баланың ауыр тағдыры жайлы әжесі Нина Айманова айтып берген

nur.kz

Қостанай облысы Жітіқара ауданында рұқсатсыз бір тілім нан алған төрт жасар баланы өгей әкесі күйдіріп тастаған. Жамбасы мен белі күлдіреп, қызарып кеткен балақай Степной ауылдық медпунктіне жеткізілгенде аш болған, деп хабарлайды kstnews.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Кішкентай баланың ауыр тағдыры жайлы әжесі Нина Айманова айтып берген.

Қария осы уақытқа дейін немересі Азаматты өзі асыраған. Алайда, баланың анасы (ред: Айнагүл) мемлекеттен жалғызбасты ана ретінде көмек алу үшін Азаматты әкесінің атына жаздырмаған. Тіпті келіншектің төрт жасар баланы қараусыз қалдырып, айлап кетіп қалатыны да бар екен.

Азамат туылғаннан Лисаковкада әжесінің тәрбиесінде өскен. Алайда, өткен жылдың көктемінде Айнагүл енесінің үйіне жаңа күйеуі Алмабек Елшібаевты алып келеді. Осылайша 22 жастағы ана Азаматты жаңа отбасына алып кеткен. Алайда көп ұзамай баланы Жітіқара аудандық вокзалына жалғыз тастап, әжесіне немересінің келетінін қоңыраумен ғана ескертіпті.

Азаматтың күйдірілген саусақтары дер кезінде емдемегендіктен іріңдеп кеткен. Балақай әжесіне олардың өзін жазалағанын айтыпты. Кейде балақай өзін үйге кіргізбей далада қалдыратынын, шашынан жұлатынын, қараңғы шкафқа қамап қоятынын да жеткізген екен.

Айта кетейік, соңғы рет баланы Айнагүл күзде алып кеткен. Ал қаңтардың ортасында Нина Айманова баланы жұқпалы аурулар ауруханадан тапқан. Алайда, қарияны онда кіргізбей, ол немересін тек терезеден көреді. (Өйткені, баланың туған әкесі Евгений мен Нина Айманова құжат жүзінде Азаматқа туыс емес)

Өгей әкесінің қолында жүрген баланың денесіндегі күйікті фельдшер мен әлеуметтік тәрбиеші анықтап, оны орталық ауруханаға жеткізген.

Сондай-ақ баланың өгей әкесінен Азаматтың қашан тамақтанғанын сұрағанда, ол жауап бере алмаған.

Ал бұл уақытта Айнагүл екінші сәбиімен перзентханада болыпты.

Сұрақ алу барысында балақайдың өгей әкесі өз ісін мойындаған.

«Иә, оны мен жарақаттадым. Оны қорқытпақ болып, пешке жақындаттым. Ол айқайлаған кезде босата салдым. Мен оны нанды рұқсатсыз алғаны үшін жазаламадым. Ол мені де, анасын да тыңдамайды. Оны ауруханаға ұялғандықтан апармадым. Мен қазір де ұялып тұрмын», - деп жауап берген Алмабек Елшібаев.

Айта кететіні, Жетіқара ауданының прокуроры Еркін Тайкешов қазір бұл іс басқарманың назарында екенін мәлімдеген.