16-17 наурыз аралығында Жайық өзенінен 4 тонна өлі балық жиналды
Жайық өзенінен тағы 4 тонна өлі балық жиналды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Бұл жайында ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет өзінің Facebook-парақшасында жазды.
«16-17 наурыз аралығында Жайық өзенінен 4 тонна өлі балық жиналды. Осы уақытқа дейін Жайықта өлген балық көлемі 118,4 тоннаны құрады. Бүгінгі күні балық жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Өлекселер «Спецавтобаза» ЖШС-ға тапсырылып, жойылуда», - деп жазды ол.
«Қазіргі таңда өлген балықтардың жинау әлі жалғасуда. бір ғана цифрмен біз тоқтап қалмаймыз. Ол цифра әлі сәл өсуі мүмкін. Өйткені мұз әлі еріп жатыр. Мұздың арасында қатып қалған балықтар әлі де шығады», - дейді ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Асхат ЖҰБАЕВ.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Жайық өзенінде балықтардың жаппай қырылуын тексеретін арнайы комиссия құрылды. ҚР ІІМ де арнайы тексеру жұмыстарын қолға алды.
«Жайықтағы балықтардың жаппай қырылу фактісі бойынша Атырау облысы полиция департаменті 2 қылмыстық істі тіркеді. 29 қаңтарда қылмыстық істер ҚР ІІМ тергеу департаментіне берілді», - деп хабарлаған еді Атырау облыстық полиция департаментінен.
Ал, Атыраудағы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандары Жайық өзенінен тұтынуға алынатын су адам өмірі үшін қауіпсіз деді. Бактериологиялық көрсеткіштер су құрамы таза әрі адам өміріне еш қауіп жоқ деген қорытынды көрсеткен. Дегенмен, ведомствоаралық комиссия өңірде балықтардың неден қырылғанын нақты айта алмай отыр.