Түркістан облысының Мырзакент ауылында жаңа шағын ауданның құрылысы басталды
Түркістан облысының Мырзакент ауылында жаңа шағын ауданның құрылысы басталды. Аталған аймақта Қазақстан Премьер-министрі Асқар Мамин Өзбекстанның Үкімет басшысы Абдулла Ариповпен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Үкімет басшылары Мақтаарал ауданының су басқан аумақтарын аралап көрді, сондай-ақ Жаңажол ауылдық округінің Нұрлыжол, Өргебас және Фирдоуси ауылында болып, су тасқыны салдарын жою аясында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Апаттық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарға 1300-ден астам адам мен 220 бірлік техника, оның ішінде Өзбекстаннан 200-ден астам маман мен 100-ге жуық өрт сөндіру машинасы, экскаваторлар, тракторлар, су сорғыштар және басқа да техникалық құралдар жұмылдырылды. Екі ел Премьер-Министрлері жаңа шағын аудандағы алғашқы тұрғын үйлердің іргетасын қалау рәсіміне қатысып, тұрғындармен кездесу өткізді.
«Біз бүгін осы жерде жаңа шағын ауданның құрылысын бастаймыз. Екі ай ішінде бітіріп, 600 жаңа үйлерді саламыз», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар МАМИН.
Барлығы Мырзакент кентінде су тасқынының салдарынан зардап шеккен Жеңіс, Жаңа тұрмыс, Достық елді мекенінен 500 отбасы үшін жеке тұрғын үйлер, мектептер, балабақша мен фельдшерлік пункттер салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын Қазақстан және Өзбек елінің мамандары бірлесіп жүргізетін болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар жаңа немесе жөнделген баспанамен толық қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, олардың әрқайсысына республикалық бюджеттен 100 мың теңгеден беріледі.