Өрт-техикалық және сот сараптамалары тағайындалды
Елордадағы дәмханада орын алған газ баллоны жарылысына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
«Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Өрт-техикалық және сот сараптамалары тағайындалды. Тергеу амалдары полиция департаменті басшылығының бақылауында тұр», – деді ведомствоның баспасөз қызметінен.
Айта кетейік, кеше елордада дәмханалардың бірінде газ баллоны жарылып, 1 адам қаза тапты. Қазіргі уақытта елорда ауруханаларында 23 адам ем алып жатыр.
Осы оқиғадан кейін қаза тапқан қыздың отбасына көмек көрсетілетіндігін айтқан Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов Төтенше жағдайлар департаменті мен Полиция департаментіне қаладағы басқа да қоғамдық тамақтану нысандарын өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын тексеруді тапсырған болатын.