Бұдан бөлек, ақ халаттылар үшін тиісті қонақ үйлер мен көліктер бөлініп, олар ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі
Елорданың медицина қызметкерлеріне сыйақы беріледі. Бұдан бөлек, ақ халаттылар үшін тиісті қонақ үйлер мен көліктер бөлініп, олар ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл Нұр-Сұлтан қаласының стационарларында коронавирус індетін жұқтырған немесе жұқтырған адамдармен тікелей байланыста болғандарды қарап жатқан дәрігерлерге қатысты шешім. Медицина мамандарына тағы қандай жағдай жасалатынын бүгін орталық коммуникациялар қызметінде елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен айтып берді.
«Бүгіннен бастап біздің барлық медицина мекемелерінде жұмыс істейтін қызметкерлерге тиісті сыйақы беріледі. №2 қалалық емхана тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл емхана базасында ЖРВИ белгілері бар пациенттерді қабылдау үшін обсерваториялық емхана ұйымдастырылды. ЖРВИ белгілері бар науқастарды тек қана №2 қалалық емхана қабылдайды. Емханада емделушілердің коронавирустық инфекцияға зертханалық-диагностикалық зерттеулер жүргізіледі. Мұндай қиын кезеңде түсіністікпен қабылдап, медицина қызметкерлерінің нұсқауларын бұлжытпай орындау қажет деп санаймыз», – деді қала әкімінің орынбасары Бақтияр МӘКЕН.
Бақтияр Мәкен сондай-ақ, елордада жұмыссыз қалған азаматтарға төлем берудің басталғанын да жеткізді. Бүгінге дейін 300-ден астам өтініш келіп түскен.
«Жұмыссыз қалған азаматтарға бүгіннен бастап жұмыс орталықтар арқылы онлайн негізде төлем беру басталады. 31 жұмыс берушіден 317 өтініш түскен болатын. Солардың бәрі бүгіннен бастап алады. Оның көлемі 42 500 теңге көлемінде бекітілген. Мемлекет дегеніміз – сіз бен біз. Біз бір-бірімізді қиын-қыстау кезеңде ешқашан ұмыт қалдырмаймыз. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мұқтаж азаматтарға азық-түлік, дәрі-дәрмек уақтылы жеткізіліп жатыр», – деді қала әкімінің орынбасары Бақтияр МӘКЕН.