Өрт сөндіру қызметінен 13 техника мен 52 адам жұмылдырылды
Бүгін, 20 ақпан Ақтөбе қаласы Ливенцова көшесі бойындағы "Әсел" балабақшасынан өрт шықты. Бүлдіршіндер полиция мен төтенше жағдай қызметкерлерінің көмегімен эвакуацияланды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Оқиға бізге сағат 9:30 шамасында хабарланды. Бірден жеттік. Ғимараттың іші түтін, иіс шыққан. Балалар жылап, тәрбиешілер киіндіріп жатыр екен. Жүгіріп, жоғарыда қалып қойған балаларды түсіріп, киіндірдік. Қосымша көмек шақырдық. Барлығы аман-есен. Балаларды ата-анасына табыстадық", - дейді полиция инспекторы Мейіржан Аманғали.
Мамандар өрт шығуының себебін балабақша ішінде электр қуатының қысқа тұйықталуынан деп түсіндіреді.
"Өрт электр тогының қысқа тұйықталуынан шыққан. Жалын тарап кетпей, дер кезінде тоқтатылды. Өрт сөндіру қызметінен 13 техника мен 52 адам жұмылдырылды", - дейді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Құтқару қызметі балабақшадан барлығы 130 адамды эвакуациялады. Оның 80-і бүлдіршін.