«АрселорМиттал Теміртау» зауытында бояу құйылған бөшке жарылысынан зардап шеккен 50 жастағы жұмысшы ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқиға салдарынан оның денесінің 90 пайызы күйіп қалған болатын. Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармасы екінші зардап шегушінің жағдайы орташа ауыр екенін хабарлады. Ол қажетті ем алып жатыр.
«Зардап шеккен жұмысшы ауруханаға өте ауыр күйік жағдайында және денесінің 90% термиялық күйік шалған күйінде түсті. Медициналық қызмет көрсетудің барлық кешеніне қарамастан, науқастың жағдайы нашарлап, 15 наурызда қайтыс болды», – деді Х.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың травматолог-ортопед дәрігері Манас Әміров.
Естеріңізге сала кетейік, 11 наурыз күні Теміртауда «Арселор Миттал» компаниясындағы жылу орталығында жарылыс болып екі адамды күйік шалған еді.