СҚО-да оқ атылған көлік білім басқармасына тиесілі болып шықты

СҚО-да оқ атылған көлік білім басқармасына тиесілі болып шықты
25 жастағы жүргізуші қызметтік көлікті жол бойына тастап кеткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Солтүстік Қазақстан облысында Челябі – Новосибирск тасжолының жиегінен оқ атылған, мемлекеттік нөмірлері жоқ көлік табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

   

Автомобиль бытыралы мылтық оғымен зақымданған, терезелері сынған. Hyundai Accent маркалы жеңіл көлік облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне тиесілі болып шықты. Сөйтсе, 25 жастағы жүргізуші қызметтік көлігін беймезгіл мініп кеткен екен.  

«Ол осы демалыс күндері қызметтік көлікті рұқсатсыз алып, М.Жұмабаев ауданында тұратын туысқандарына барған. Кейін қайтар жолда машина сынып, ол мемлекеттік нөмірді алып, көлік багажына қойып, жауып кетіп қалған», – деп түсіндірді Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Айнагүл Сұрағанова.

25 жастағы көлік жүргізушісі департаментке сәуір айында жұмысқа орналасыпты. Ол қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланғаны үшін жауап беріп, зақымданған көлікті қалпына келтіруге міндеттелді. Ал төтеншеліктер автомобильге от атқан қылмыскерді іздестіруде. Олардың айтуынша, зардап шеккендер жоқ.  

«Аталған факт ҚР қылмыстық кодексінің 202-бабының 2-бөлігі, яғни бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру бойынша сотқа дейіңгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері осы қылмысты жасаған қызметкерлерді анықтау бойынша жедел іздестіру шараларын жүргізуде», – деді ПД Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің басшысы Сән Жұмағазина.


Новости партнеров