Ақтөбе облысында арнайы комиссия су басқан үйлерді тексеруге кірісті

02.04.2024 23:23

Облыс орталығындағы 179 үйге су кірген

Almaty.tv

Тасқыннан келген шығынды анықтайтын арнайы комиссия Ақтөбе облысындағы су басқан үйлерді тексеруге кірісті. Өңірде 800-ге жуық ғимарат су астында қалған, оның 100 шақтысы саяжайларда орналасқан. Ал бүлінген үйлерден көшірілген халық әлі эвакуациялық орталықтарды паналап жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Су тасқыны Ақтөбенің саяжайындағы халықты да әбден әбігерге салды. Басындағы жалғыз баспанасынан айырылған жұрт эвакуациялық пункттерді паналауға мәжбүр.

Геннадий Рысмағамбетов - бала-шағасы мен келіншегін ертіп, қауіпсіз жерге көшкендердің бірі. "Өз қолыммен тұрғызған үйім астаң-кестең болды" деген азамат көз жасына ерік берді.  

– Қалай кептіремін? Жасым 50-ге келіп қалды, күш-қуатым да жоқ. Балалармен мынадай жағдайда өмір сүре алмаймыз. Оңай емес, ешкімнің басына бермесін. Бірақ амал жоқ. Қаражатым болмағандықтан әр жалақымнан керек-жарағымды алып, осы үйді салдым, – деді қала тұрғыны Геннадий Рысмағамбетов.

Саяжай аумағындағы Қарғалы өзені арнасынан тасыған. Жергілікті тұрғындар табиғи апаттың 27 наурызда басталып, су деңгейі бір метрге дейін жеткенін айтты. Құтқарушылар сол сәтте қауіпті аймақтан екі мыңға жуық адамды қайықпен алып шыққан. Келген шығынды анықтау үшін үй-жайлары бүлінген халық саяжайды арнайы комиссиямен бірге аралап шықты. Алдын ала мәлімет бойынша, бір ғана облыс орталығындағы 179 үйге су кірген.

– Шығынды толық тіркейміз, заңгерлер келіп, үйді бағалайды. Біздің міндет – елдің бейнетін, тауқыметін қағазға жазып, көрсету, - деді Ақтөбе облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Жомарт Қартбаев.

Жергілікті билік өтемақы мәселесі көп кешікпей шешіледі деп уәде етті. Алайда жұрт екі жыл бұрын болған су тасқыны кезінде әкімдік қол ұшын созбағанын айтып қалды. Үй-жайымызды өзіміз ретке келтірдік деген тұрғындар биыл да сол жағдай қайталанбаса екен деп отыр.

Гүлмарал Изатқызы, Лейла Әуесова, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе облысынан

Оқи отырыңыз: Қарғын су: ел аумағында қауіп сейілді ме