Жамбыл облысында 5 күннен бері өршіген дала өрті ауыздықталмай жатыр

21.09.2021 23:21

Аудан әкімдігінің мамандары да өртті сөндіруге атсалысып жатыр

Жамбыл облысында өршіген дала өрті 5 күннен бері ауыздықталмай жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жалын 17 қыркүйекте Тұрар Рысқұлов ауданындағы Көкдөнен ауылынан 10 шақырым таулы жерлерде басталған. Қазір аудан әкімдігінің мамандары да өртті сөндіруге атсалысып жатыр. 

Жалынды жоюға барлығы 277 адам мен 42 техника жұмылдырылған. Сонымен қоса, тікұшақ та қамтылған. Күні кеше аудан әкімі ауыздықталды дегенмен, өрт қайта күшейген көрінеді. Төтеншеліктер жағдайдың алдын ала себебі тұрғындардың от қолданудағы абайсыздығы салдарынан орын алған дейді. Қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Ал ТЖД өкілдері өртті өшірудің соншалықты ұзап кетуін таулы аймақта болуымен байланыстырып отыр. 

«2500-3000 метр жақта болған. Көбісі жарлы, тасты жерлер, содан кейін бәрі бірдей шөп емес, көп жерде талдар да бар. Біз ол жерлерді тікұшақпен су құйып өшіріп жатырмыз. Бірақ ол көп жерді қамтымайды. Тек бір нүктенің радиусын ғана қамтиды. 15 минут бұрын ғана сол жердегі штатпен хабарластым. Олар 1-2 сағатта жойылатынын мәлімдеді», - деді облыстық ТЖД өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары Әлібек Әбсатов.