Алматыда қоғамдық көлікте қарт кісі аяғын сындырып алды

Алматыда қоғамдық көлікте қарт кісі аяғын сындырып алды
Ал жүргізуші оған көмек көрсетудің орнына, жарты жолдан түсіріп кеткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда автобуста отырған жолаушы аяғын сындырып алды. Оған жүйткіген автобустың бірден тоқтауы себеп болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал жүргізуші жарақат алған жолаушыға көмек көрсетудің орнына оны жарты жолдан түсіріп кеткен. Тек көшедегі адамдар ғана жедел жәрдем шақырып, көмек көрсетіпті. Жүгенсіз жүргізушінің кесірінен жарақат алған зейнеткер енді кемі екі ай аурухана төсегіне таңылмақ.

«Мені жолда қалдырып кеткендеріне қатты ренжідім. Тым құрығында жедел жәрдем шақыруға болар еді ғой. Ауруханаға апарайық деуге де жарамады. Сондықтан адам өміріне жауапсыз қараған жүргізушіге қатысты істің сотқа дейін барғанын қалаймын», – деді зардап шегуші зейнеткер Айжан КӘРМЕНОВА.

№ 405 автобус жүргізушісінің бұл бассыздығын кейін болары болып, бояуы сіңген соң бір-ақ  білген автопарк басшылары мен полицейлер оған қатысты заң аясында шара қолданбақ. Тасымалдаушы компанияның басшылары зейнеткердің барлық шығыны мен өтемақысын төлеп, жан-жақты көмек көрсететіндерін мәлімдеді. Есерсоқ жүргізушіні жұмыстан да қуған. Бұл аз болса, жүргізуші енді қомақты айыппұл төлеп, сотқа тартылмақ.

«КамАЗ-орталығына келген кезде кенет қарсы алдыма бір көлік келіп тоқтай қалды, сондықтан мен бірден тежегішті басуға мәжбүр болдым. Әлгі кiсi автобустың алдыңғы жағында тұрған. Салонда жолаушы өте көп болды», – дейді автобус жүргізушісі Ербол ЖАҚИТОВ.  

«Автобус жүргізушісіне қатысты  екі хаттама толтырған болатын. Бірі – әкімшілік, екіншісі қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы. Ал зардап шегуші кейуана медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр. Бүгінде қарияның денсаулығына келтірген ауырлық деңгейін анықтау мақсатында сот медициналық сараптама тағайындалды. Егер сараптама жарақатты жеңіл немесе орташа деңгейде деп тапса, онда бұл іс әкімшілік заңнаманың аясында  қаралады. Егер жолаушының денсаулығына ауыр дене жарақатын келтіргені анықталса, онда қылмыстық іс қозғалады», – дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.  

Новости партнеров