Былтыр облыста 750 адам бұралқы иттерден зардап шеккен
Бұралқы ит «басынып» барады. СҚО-да қаңғыбас иттер көбейіп, жұрттың зәресін қашырды. Көше кезген төрт аяқтылар кішкентай балаларға жиі шабуылдайды. Тұрғындар бала түгілі, ересектердің де далаға шығуы қиындап кеткенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көше кезген иттер жуырда ғана 7 жастағы Максимге тура үйінің маңында шабуылдаған. Ойын баласы тапа тал түсте жарақат алған. Салдарынан саусағы бүгілмей қалыпты. «Бір ай ем қабылдағаннан кейін жақсы болды» деген анасы перзентінің қолындағы жарақат айыққанымен, көңіліндегі үрей жазыла қоймайтынын біледі.
– Үш саусағын тістеп алған. Қолы ісіп кетті. Содан бірден облыстық балалар ауруханасына апардық. Мұндай жағдай бірнеше мәрте болды. Бірде үйде отырғанымызда қыз баланың айғайлаған дауысы шықты. Оны да ит қауып алды, – деді баланың анасы Наталья Крючкова.
Тұрғындар бұралқы иттер мәселесін біржақты етудің неліктен қиындық туғызып отырғанын түсінбей дал. Балаға да, ересекке де қауіп төндіріп тұрған қаңғыбас төрт аяқтылар мектеп пен балабақша, қоғамдық орындарда жиі жүретін көрінеді.
– Иттің иелері кінәлі. Арнайы ит бағатын орындардан сатып алып, көшеге тастап кетеді, – деді қала тұрғыны.
– Петропавлда қаңғыған ит көп. Жеке үйлердің маңында жиі жүреді. Ал иелері пәтер сатып алып, оларды осында тастап кетеді, – деді қала тұрғыны.
Кинолог маманның айтуынша, қаңғыбас иттер кез келген адамға шабуылдауы мүмкін. Ол азуын көрсетіп, жүнін үрпиткен жануарларды көргенде қалай әрекет ету керек екенін түсіндірді.
– Ит адамға шабуыл жасағалы тұр делік, онда бірден дүкенге немесе қандай да бір ғимаратқа кіріп кетуді көздеу керек. Қашудың қажеті жоқ. Иттен көзіңізді алмай тұрып, асықпастан, оқыс қимыл жасамай, тұрған орныңыздан кетіп қалыңыз, осы әдіс арқылы құтылуға болады, – деді СҚО Полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығының кинолог-инспекторы Рашид Сұлтанов.
Заң бойынша иттерді атуға болмайды.
– Былтыр 2023 жылы бұралқы иттерді аулау, чип орнату, вакциналау сынды жұмыстар үшін жергілікті бюджеттен 17,1 миллион теңге қаражат бөлінген, былтыр 300-ге жуық жануар ұсталды. Оларды қаңғыбас иттер паналайтын арнайы орталықтарға жеткізді, – деді СҚО Ветеринария басқармасының баспасөз хатшысы Аманжол Нұртазин.
Айта кетейік, былтыр облыста 750 адам бұралқы иттерден зардап шеккен. Нәтижесінде 720 азаматқа 19 миллион теңге болатын айыппұл салынған.
Гүлмарал Изатқызы, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы, СҚО
Оқи отырыңыз: Интернет жоқ: Іле ауданында 500 оқушы мектепке неге бармайды