Айдалада үш күн жүрген: 17 жастағы қызды екі жігіт жабылып зорлады

Айдалада үш күн жүрген: 17 жастағы қызды екі жігіт жабылып зорлады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

17 жастағы зорланған қыз айдалада үш күн жүріп үйіне жеткен

Екі жігіт жабылып зорлаған 17 жастағы қыздың тағдыры мен құқық қорғаушылардың заңсыз әрекеті туралы «НеМолчиKZ» зорлық-зомбылыққа қарсы қоғамдық қозғалысы» қорының басшысы Дина Таңсәрі (Смайылова) айтып берді, деп хабарлайды Sputnik.

«Кеше #НеМолчиДетиKZ қоғамдық қорына қылмыстық іс келіп түсті: кәмелеттік жасқа толмаған қызды топ болып зорлаған. Оқиға кейіпкерлерінің аты-жөнін әдейі жазбай отырмыз, оның үстіне облыс басшылығы да істі бақылауға алған, тергеу барысындағы барлық құқық бұзушылықтар үшін айыптылар жауапқа тартылады деп үміттенеміз», — деп хабарлады Таңсәрі.

Қоғам белсендісі жариялаған видеоға жәбірленуші мен зорлады деген күдікке ілінген жігіттердің кездесуіне жол берген тергеуші әрекетінің салдары түсірілген.

Жәбірленуші психиатриялық сараптамаға келіп әрі тергеушімен кездесуге тиіс болатын. Ал тергеуші өзімен бірге екі зорлықшыны ертіп келіпті.

«Бәрі қас-қағым сәтте болды, бәріміздің зәре-құтымыз қалмады. Біз дәлізде тергеушіні күтіп отырғанбыз, ол қырық минутқа кешігіп келді. Бізбен амандасты да, психологтың кабинетіне беттеді. Артында аяқтарын алшаң басып екі күдікті келе жатыр. Қыздың түріне қарап, олардың кім екенін бірден ұқтық, ал анасы басында түсінбей қалды, оларды ешқашан көрмеген еді. Біз түсіндіріп едік, оның да үрейі қашты. Бала көз алдымызда бозарып, селкілдеп, жантүршігерлік күй кешті. Негізінде, қылмыстық істі жүргізуші тергеушілер жәбірленушіге психологиялық зардабы тимес үшін күдіктімен барынша кездестірмеуге тырысуы керек», — дейді Таңсәрі.

Тергеушінің ойланбай істеген әрекеті салдарынан қыз балаға психотерапевтің шұғыл көмегі қажет болған.

«Абырой болғанда, емханада жоғары білікті балалар дәрігері бар екен, ол жәбірленушіге бірден көмектесіп, терапия сеансын өткізді, қыздың қамқоршыларына ақыл-кеңес берді», — деп қоғам белсендісі болған жайтты баяндады.

Ол атап өткендей, мұның алдындағы тергеуде балалар психологы болмаған әрі видеохаттамасыз жүргізілген екен, бұл да баланың құқығын бұзу болып саналады.

Интернетте танысқан жігіттер зорлықшы болып шықты

Жәбірленуші – колледж студенті, үш жыл бұрын анасынан айырылып, жетім қалған. Қызды туыстары қамқорлығына алыпты.

Бұдан бұрын бойжеткен интернетте екі жігітпен танысып, достасады. Желі арқылы хат-хабар алмасып жүріп, ешқандай жамандықты сезбеген. Бір күні жігіттер жақынырақ танысу үшін ауылға қонаққа шақырады. Сол жерде қызды ұрып-соғып, жабылып зорлаған.

«Жас қызбен оңаша қалған екі ересек жігіт оны жабылып зорлаған. Бөтен ауылда жалғыз өзі, зорланған, үйден рұқсат сұрамай кетіп қалғаны бар, өзіне осындай қиянат жасауға «жол беріп қойды».  Басына неше түрлі ой кіріп-шыққан. Көлік астына түсуден бастап болған жайтты анасынан жасырып қалуға дейін ойлаған. Бірақ бет-ауызы мен денесі көк ала қойдай. Демек, үйден қашып кетуі керек, көгерген жерлері жазылғанша, көзге көрінбей жүре тұруды жөн көрген. Сөйтіп жүргенде арада үш күн өтті. Содан кейін қаншама шақырым жаяу жүріп үйіне жетеді. Ол кезде оны полиция іздеп жатыр екен», — деп әңгімеледі Таңсәрі жәбірленушінің сөздеріне сүйеніп.

Зорланған қызды дәрігерлер қалай қарады

Бойжеткенді көрген қамқоршысы бәрін бірден түсініп, полиция шақырады. Олар бұл қоңырауды жедел жәрдемге бағыттаған.

«Жалғыз өзі келген жедел жәрдем фельдшері неге екені белгісіз кедергі келтіреді. Ол қыздың қамқоршы анасын жедел жәрдем көлігімен алып жүруден бас тартып, жәбірленушімен оңаша қалдыруды талап еткен, онымен жеке сөйлеспек болыпты. Бірақ әйел адам қызды жалғыз жібермей қойды. Ауруханада гинеколог қараған кезде, студент қыз зорланғанын айтып берген. Содан соң полицияға арыз беріпті», — дейді Таңсәрі.

Қамқоршыларға қызды тағы бірнеше тәуелсіз маманға қаратуға кеңес берген, соның бәрі сотта зорлықшылардың кінәсін дәлелдеуге қажет болады.

«Олар барған емханада, дәрігер дәлізге шығып жәбірленуші мен басқа науқастардың алдында «Алмаймын, сұрамаңыздар, қарамаймын!» деп айғайға басқан. Біздіңше, бұл жерде дәрігер ретінде ғана емес, адам ретінде де этиканы бұзып отыр. Сөйтіп, басқа дәрігерді тауып, ол басқа емханада қарап, тергеуге қажетті қорытынды жазып беруге келіскен», — дейді Таңсәрі.

Зорлықшылардың туыстары қысым көрсетті

Жәбірленушінің отбасына күдіктілердің ата-анасы зор қысым жасап, қоқан-лоққы көрсеткен.

«Бес рет келіп-кетіпті. Әуелі «үйлендірейік» деп, кейін ақша ұсынған. Содан соң өз ұлдарын өртейміз деп қоқан-лоққы көрсете бастаған. Бұл жайт та тергеушілердің назарынан тыс қалмайды деп сенеміз», — деп хабарлады Таңсәрі.

Сөз соңында Дина Смайылова айтқандай, жәбірленушінің отбасы әділ сот шешіміне үміт артады.


Новости партнеров