17 сәуірде екі қабатты үйде жарылыс болып, 6 адам көз жұмған еді
Жаңаөзендегі жарылыс туралы жаңа қорытынды шықты. Тәуелсіз сарапшылар биылғы сәуірде болған оқиғада бір емес, екі апаттың болғанын анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олардың алғашқысы 7-пәтердің жертөлесінен, кейінгісі көп қабатты үйден шыққан. Екі ай бойы зерттеу жүргізген мамандар екі жарылыстың арасы екі-ақ секунд деген тұжырымға келді. Жарылыстан көз жұмған тұрғынның інісі Нұрлан Исатаев бұған дейінгі сараптама ұзаққа созылып, түрлі болжам айтылған соң, тәуелсіз сарапшыларға жүгінген. Оның айтуынша, мамандар үйдің жертөлесіне газ қоспасының көп жиналғанын алға тартты.
– 48 сағаттың ішінде 16 мың куб шаршы метр газ жертөлеге жиналған. Оның исі әжетханаға жетіп, оттың жалыны жертөлеге түскен, – деді жәбірленуші Нұрлан Исатаев.
Нұрлан Исатаев сараптама қорытындысын қолына алған соң прокуратураға қылмыстық істің бабын өзгертуді сұрап арыз жазған. Құзырлы орган оның арызын назарға алмақ. Сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар газ құбырының үстінен су желісін жүргізу кезінде олқылық болғанын анықтаған.
Айта кетейік, 17 сәуірде Жаңаөзенде екі қабатты үйде жарылыс болып, 6 адам көз жұмған еді. Аталған оқиғаға құзырлы органдар әлі нақты шешім шығармады.
Оқи отырыңыз: Алматылық құтқарушылар өрттің негізгі себептерін атады