Өрт көлемі - 2,7 мың гектарға жеткен
Қарағанды облысындағы қызыл жалынның беті қайтар емес. Өрт көлемі - 2,7 мың гектарға жеткен. Оның ішінде мемлекеттік орман қорының аумағы 1 500 гектар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дала өрті бойынша Қарағанды облысындағы ахуал қиын екенін ішкі істер министрі Юрий Ильин де жасырған жоқ. Айлап жаумаған жаңбыр мен аптап ыстықтың және қатты желдің салдарынан өрт өршіп, ырық бермей отырса керек. Тілсіз жауды ауыздықтауға 170 өрт сөндіруші мен 30 шақты техника жұмылдырылған. Қосымша тікұшақтар тартылған. Оған қоса, ұлттық ұланның сарбаздары жәрдемге жіберілді.
Еске салайық, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Бақты орман шаруашылығындағы өрт 12 тамызда басталған болатын.