Ақтөбеде 18 оқушы мінген мектеп автобусы аударылды

05.10.2019 23:34

Салдарынан бір оқушы жансақтау бөлімінде жатыр


Бүгін, қазанның 5і күні  Ақтөбе қаласына 13 шақырым қашықтықтағы «Солтүстік айналым» тасжолында оқушылар мінген автобус жол апатына ұшырады. Онда 18 оқушы мен 9 ата-ана болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


«Автобус жүргізушісі жол ережесін бұзып, «Тәжікстан азаматы мінген «Ниссан« көлігімен түйісіп қалды. Салдарынан автобус аударылды. Жедел жәрдем қызметі 16 баланы ауруханаға жеткізіп, екеуі жатқызылды. Ал жедел жәрдем ауруханасына 3 ересек адам жеткізілді. Оқиға орнында дәрігерлер, полиция мен төтенше жағдай қызметі жұмыс істеді», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Белгілі болғаны, ата-аналар мектеп әкімшілігіне хабарламай, табиғат аясына шыққан.

Дәрігерлер жол апатына ұшыраған әр оқушыны қарап шықты. Бір бала ми жарақатымен жансақтау бөліміне түсті.

«Ми жарақаты, мидың жұмсақ тіндері кесілді. Жағдайы тұрақты. Оперативті емге дайындалып жатыр. Тағы бір оқушы травматология бөліміне түсті. Оның қолында кесілген жарақат бар. Балаға хирургиялық ота жасалады. Тағы екі баланы ауруханаға жатқызу мәселесі қарастырылып жатыр. Өміріне қауіп төніп тұрғандай ештеңе жоқ. Барлығы 8 ата-ана әкелінді, оның үшеуі травматологияда ем қабылдайды», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Теги: ДТП