Апатты үй орналасқан аумақ ауданның қайта жаңартылатын бөлігіне кіреді
Назар аударту үшін әлі қанша үй өртенуі керек? Баспанасынан бір-ақ түнде баз кешіп кете жаздаған Жетісу ауданының тұрғындары осылай деп арнамызға хабарласты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жетісу ауданына қарасты Вольная көшесіндегі бұл баспананың салынғанына кемі 80 жыл болған. Түндегі өрт те сол сан жылдан бері ауыстырылмаған электр желісінің зақымдануынан болыпты. Ас үй түнгісағат 02-00 шамасында өртенген. Төбенің түсіп, кілемнің жанып кетуіне 2 минут жетті. Ең қорқыныштысы – өрт кезінде үйде 4 адам болған, оның үшеуі бала. Ал 3 баланы жалғыз асырап отырған әйел үйдің тозғанын талай айтқанбыз, енді жөндеу жұмыстарына қалтасынан кемі 300 мың теңге төлеуі керек дейді.
«Өрт болып жатқанын көргенде қатты қорықтым. Үйде балаларым бар ғой. Қашанғы қауіпті жағдайда отыра береміз? Түндегі апат кезінде мамандар электр желісінің 80 жыл бұрынғы екенін білсе де, маған айыппұл төлетпек болды. Мұны қалай түсінеміз», – деді қала тұрғыны Анар Рахымберлинова.
Тізбектейін десең, мәселе бітпейді мұнда: газ құбырының жүргізіліп, үйге кірмей қалған; ай сайын ақша төленсе де, жөндеу жүргізілмейтіні тағы бар. Тіпті, үйдің қашан тұрғызылғаны туралы нақты ақпар жоқ. Құжатты қарадық, әркімнің қағазында баспананың салынған жылы 1930-дан бастап әртүрлі уақыт көрсетілген. Үйдің қабырғасы қамыстан жасалған.
«14 пәтер бар. Оның бәрінде газ баллоны тұр. Енді ойлаңызшы, өзі де шіріп тұрған үйде баллон жарылса не болады? Баллон түгілі, сіріңке тұтатуға қорқамыз. Қанша шырылдасақ та әкімдік те, басқалары да әлі күнге дейін келген жоқ. Енді қайтпек керек», – деді қала тұрғыны Антонина Пономарева.
Апатты үй орналасқан аумақ ауданның қайта жаңартылатын бөлігіне кіреді. Яғни, дәл осы Вольная көшесіне жоспарға сәйкес, 2021-2025 жылдардың аралығында жұмыс жүргізілуі тиіс.
«Бұл жерде қазіргі таңда инвестор тарту мәселесімен жұмыс атқарып жатырмыз. Оларға үйдің орналасқан жерін көрсетеміз. Бұл үйлер сүріледі», – деді Жетісу ауданы әкімі аппараты коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Қуаныш Сейтімбетов.
Жетісу ауданында бағдарламаға қатысатын 163 ескі үй бар. Оларды қайта жаңарту негізінен 2 бағытта жүзеге асады. Ал Вольная көшесімен бірге Сейфуллин даңғылы мен Төретам және Арғымақ көшесіндегі тұрғын үйлер 2-кезеңде сүріледі.
Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» теларнасы