Аядай бөлмеден ештеңе алып үлгермеген тұрғындар қазір туыс-таныстарының үйін жағалап жүр
Алматының іргесіндегі Төңкеріс ауылында өрт болып, 8 пәтерлі үй жанып кетті. Апатты жайтқа тұрақсыз түрде ток беретін кабель желісінің тұтануы себеп болып отыр. Ал «Екі күннен бері ел-жұрттың есігін жағалап қалдық» деген тұрғындар әкімдіктен нақты жауап күтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
30 қарашада отқа оранған үй 2 күн өтсе де, әлі тұтанып жатыр. Мұнда 8 отбасы яғни, 34 адам тұрған. Аядай бөлмеден ештеңе алып үлгермеген тұрғындар қазір туыс-таныстарының үйін жағалап жүр. Ал әкімдік өкілдері мәселені 25 қаңтарға дейін шешеміз дейді.
Барак типтес 8 пәтерлі үй 1952 жылы қамыстан салынған. Күні кеше болған өрт мамандар электр желісінің тұйықталуынан шыққан дейді. Тұрғындар үшін бұл таңсық емес. Себебі бұған дейін әртүрлі вольтті ток тарататын желі бірнеше рет зақымданған екен.
«Ішінде бәрі кетті. Киіміміз де, құжаттарымз да өртеніп кетті. Бала-шағамызбен далада қалдық. 25 қаңтарға дейін сонда не істеуіміз керек? Тіпті, ол уақытта мәселеміз шешіле ме, шешілемй ме, белгісіз. Жаман болса да, өз баспанамыз еді», – дейді Төңкеріс ауылының тұрғыны Айнұр Шоқыбаева.
«Біреуіне «құжат беріледі» дейді, енді біріне «берілмейді» деп отыр. Сол жөнінде нақты жауап берілсе дейміз. Арамызда жалғызбасты ана бар, сонда ол кісі қайда барады?», – дейді тағы бір тұрғын Нұрсұлтан Шоқыбаев.
«Ағайынның үйіне бір-екі күн сыярсың, жарайды. Содан кейін бала-шағаңмен қайда сыймақпыз?», – дейді келесі бір тұрғын Зина Иембергенова.
Иә, сыяр орын табылмаған соң, оқиға барысында әкімдік өкілдері тұрғындарға уақытша мекендейтін үй ұсынған. Мысалы, бір баспанаға 7 адам қоныстанбақ. Бірақ үйдің жағдайы адам тұруға келмейді. Ал «25 қаңтарға дейін не істеп, қайда тұрамыз?» деген көпшіліктің сұрағына округ әкімі жауап беруге тырысты. Әзірге нақты қандай көмектің көрсетілетіні шешілмеді деген шенді тұрғындардың мәселесі тұралап қалмайтынына уәде беріп отыр.
«Қорытынды шыққаннан кейін төлемдерін төлеу үшін заң аясында тиісті процедуралар орындалған соң, төлем төленеді. Біздің де басымыз екеу емес. Егер уәде етілген уақыттан кейін төленбей жатса, мен, осы ауылдың әкімі, сіздерге өзім жауап беремін», – деді Панфилов ауылдық округінің әкімі Серік Шалов.
«Қалай болғанда да, кезекті жұмыстар ретімен атқарылған соң мәселе шешімін табады». Әкім айтқан көп сөздің нүктесі осы болды. Апат кезінде де бір-біріне қол ұшын аямаған ауыл азаматтары қазір ақша жинап, мүмкіндігінше көмек көрсетуге кіріскен. Қиын сәтте қолдау білдіргісі келген көрермендер болса, +7 707 683 32 52 нөміріне хабарласуына болады. Ал нақты сараптама мен тағайындауды күткен мәселе назардан тыс қалмайды.
Мадина Оқас, Жақсылық Төлепберген, «Алматы» телеарнасы